Ұлы махаббат хикаясы

   1951 жылдың көктемі. Мәскеу мемлекеттік университетінің 20 жасар студенті Горбачев жатақханада сабақ оқып отыр. Кенет достары кіріп келіп, клубқа шақырып, бармасына қоймайды. Әрі «онда жаңадан келген қыз – Раиса Титренко бар». Жігіттер клубқа кіріп келгенде, Раиса өзге жігітпен билеп жатты. Михаил көпшілік қызығатын жігіт еді. Ал жаңадан келген Рая айтарлықтай сұлу емес, алайда, сүйкімді, жас жігіт оны бірден ұнатып қалды. Горбачевтың өзі «мен кіріп келгенде, маған бір бұрылып қарамады да» деп еске алады. Бәлкім, сонысымен де жас серінің жүрегіне сезім ұялатқан болар?!

 

 Раяның тұрмыс құрғалы жүрген жігіті бар. Ол қарапайым, мейірімді, жұмсақ қыз болатын әрі университетте де үздік болатын Алайда, сүйіктісінің анасы қызды ұнатпай, оларға айрылысуға тура келді. Қатты қиналған қыздың халін аңдап, сыртынан ұнатып жүрген Михаил оның көңілін ауламақ боп, серуенге шақырады. Сол күннен бастап, күндер өте, екі жастың арасында махаббат гүлі бүр жарады.. Бір-біріне бауыр басып, отау құруға бел буады. Алайда, екеуі де қарапайым студенттер. Күйеу жігіттің қалтасында көк тиын жоқ. Тойға ақша жинау үшін ол арнайы ауылға барып, үш ай демалыс бойы комбайншы болып жұмыс істейді. Оның маңдай терімен тапқан ақшасы қалыңдықтың көйлегіне жетіп, туфлиді Рая құрбысынан алған көрінеді. Үйлену тойын өздері тұратын жатақхананың асханасында өткізді. «Оның қолына жүзікті көп жылдардан кейін ғана таға алдым» дейді атақты саясаткер.  

  

Жас отан өте кедей өмір сүрді. Жеті отбасы болып бір үйде тұрады. Отағасы азын-аулақ табыс тапса, жары жұмыс таба алмай қиналады. Рая көп кешікпей, жүкті болды. Алайда, қатты ауырып, жүдейді. Дәрігерлер Михаилға «сәбиіңізді аман-есен өмірге әкелуге болады, ал бірақ жұбайыңыздан айрылып қалуыңыз мүмкін» дейді. Ұл болады деп, тіпті, Сергей есімін таңдап қойған Рая бұл ауыр кезеңде қатты қиналып, жары оны жұбатумен күндіз-түні жанында болды. Екеуі ешқашан қатты кетіп, араларында ұрыс-керіс болмаған. Горбачев жарын жымиыспен еске алады: «Тек ұсақ-түйек керісу болатын. Екеуміз сөз таластырып қалсақ, ол «сен күміс медальге бітірдің, сондықтан менімен керіспе» деуші еді. Ал менің Раям қызыл медаль иегері болатын». Жылдар өте, олар қызды болып, әкесі оны Ирина деп атады. Ирина – айнымаған анасы.

   Михаил саясатқа келіп, хатшы атанған кездерден бастап, оның жұбайы белсенді түрде қоғам өміріне атсалыса бастады. Ал оған дейін Рая ханым университеттерде дәріс оқып, философия ғылымының кандидаты атанып үлгерді. Жалпы, ерінің ерен еңбегін айтпағанда, Раиса Горбачева қыруар істер атқарып, ел өміріне үлкен үлесін қосты. Өзге президент әйелдері оған дейін, тіпті, ел көзіне көрінбесе, Михаил мен Рая қай жерге барса да, қол ұстасып, қолтықтасып, иықпа-иық жүретін. Әрдайым сәнді киініп, гүлдей жайнап, жарқырап жүретін басшы жарын жұрт алғашында ұнтаса, кейіннен қатты сынға алды. Оның тұлғасы ел ішінде үлкен дау-дамай тудыратын болды. Бұл, әрине, әйел адамға ауыр тиді. Бірте-бірте қауесеттер мен наразылық астында қалды. Бірақ әрдайым бойын тік ұстап, сұлу кейпінен танбай, жарымен қатар өрістей берді. Михаил Горбачев оны бірде-бір рет әбіржіген күйінде көрмегенін таңданыспен айтады. «Таң атысымен менен ерте тұрып, сәнденіп келетін», - дейді ол. Қарадан шықса да, ақсүйек қызындай өзін ұстайтын, киінетін, білімді болатын. Раисаның киім кию үлгісіне Маргарет Тэтчер қызықса керек. Олар өзара ағылшын тілінде сөйлесіп, жақын құрбы болды.

   Михаилдың сүйіктісі ауыр науқастан төсек тартып жатып қалады. Жұрт тек оның нұрлы жанын тек сол кезде ұғынғандай, оны жақсы көріп кетеді. Осы күнге дейін басынан өткерген көпшіліктің ауыр сөзі, сұқтанған көзі ізсіз өтпеген сыңайлы. 1999 жылы Кеңес үкіметінің бірінші ханымы өмірден өтті. Немересі «егер әжем президенттің әйелі болмағанда, әлі күнге дейін есен-сау арамызда жүрер ме еді», - дейді... Михаил Горбачев бұл қайғыдан қатты есеңгіреп, ұзаққа дейін өзіне келе алмады. Оның жанында жоқтығына әлі күнге сене алмайды. Алайда, олардың арасындағы ұлы махаббат күші әлі күнге сөнбеген.

 

 

 

Дереккөздер:

  1. wikipedia.org
  2. kp.ru
  3. personallife.ru

Дайындаған: Салтанат Пердешқызы

 

0
түсініктер
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Аты аңызға айналған арулар
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы: Франц Кафка – Фелица Бауэр
  Кафка неміс тілді тарихтың ең ұлы жазушылардың бірі. Алайда, жазушыларға тән тұйықтықпен қатар, ол оғаштау жан еді. Айналасымен көп араласпайтын, ұяң, тіпті, өзіне сенімсіздеу, бірақ аса сезімтал, мейірімді әрі жұмсақ еді. Ол шығармашыл тұлғаларға сай, сыртқы әлемнен оқшауланып, үнемі сан қилы кейіпкерлерінің арасында, ішкі үрей мен беймазал
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Аты аңызға айналған арулар
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау