Бикен апай фильмдердің көпшілігінде басты рөлдерді сомдамағанмен, актерлік өнердің хас шеберлігінің арқасында елге кеңінен танылған жарық жұлдыз. Ол бірқатар танымал фильмдерге түсті. Ол ойнаған бірталай рөлдерге қарап, олардың алуандылығына таңырқайсың. Бір образдан екінші образға оңай еніп кететін оның таланты тума қасиет болды. Оны актрисаның өшпес ізі қалған жиырма жеті кинокартинадан аңғаруға болады. Ол бардлық жұмыстарында әйел болмысын қилы қырларынан аша түсті. Мөлдіреген жастығында отандық кинематографтың атақты туындыларының бірі «Қыз-жігітте» жүзі жарқын жас қыз Баршагүл болды. Одан «Менің атым – Қожада» жаны нәзік келіншек, ардақты ана, келбеті мен мінезі келіскен нағыз қазақи келіннің рөлін сомдады. Қазақ киносының аңыз аруларының бірі Әмина Өмірзақовамен бірге комедияда қолтықтасып, билесті. «Ұлдың қайтуы» фильмінде егде тартқан ақ самайлы ананың рөлін әсерлі етіп жеткізе білді.
Римова 1923 жылы Талдықорғанның Қараталында туған. Балалығы «Ұлы жұтқа» тұса-тұс келді. Жоқшылықтың азабын әбден тартып, анасымен бірге бала күнінде қырғыз еліне жол тартты. 20 жасында Алматы көркем-театр училищесін тәмамдады. Бикен апа актрисалық жолын театрдың сахнасында бастаған болатын. Студенттік жылдары А.Тоқпанов есімді ұстазы «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңліктің рөлін Бикенге сеніп тапсырады. Оның орындауына тәнті болған соң, жас қызды Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрына қабылдайды. Атаулы театр Бикен апайдың екінші үйіне айналады. Сонда өмірінің соңына дейін қызмет атқарып, жүз жетпістен астам рөлдерде ойнады. Оның ішінде отандық және шетел драматургтарының пьесалары бар.
Айтулы рөлдерінің арасында Еңлікпен қатар, «Қарагөздегі» Маржанның, театр сахнасына алғаш шығарылған «Ана-Жер-анадағы» Жер-ананың, «Миллионердегі» Жанаттың, «Ревизордағы» Пошлепкина, «Сараңдағы» Элизаның рөлдерін атап көрсетуге болады.
Кино және театр әлемінен бөлек, Бикен апай «Еңлік гүлім», «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты қос кітаптың авторы. Қазақ театры жайлы сыр шертетін бірнеше мақалалар жазған. Қазақ Кеңесінің халық әртісі атанып, «Құрмет белгісімен», «Парасат» орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда туған өлкесі Талдықорғандағы драма театры Бикен апайдың атымен аталады.
Дереккөздер:
Дайындаған: Салтанат Пердешқызы