Аты аңызға айналған арулар

Әйгілі Затаевичті таңқалдырған қазақтың аңыз аруы. Үш бірдей тілде ән салған күміс көмей әнші. Қазақ драма театрының төріне шыққан  тұңғыш әйел заты. Ол – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Майра.

  Табиғат тарту еткен талант тасада қалмасы анық қой. Қарапайым бөрікші татар жігіт Уали мен қазақтың қарагөзі Қатираның шаңырағында 1890жылы дүниеге келген Майра қаршадайынан тума талантын танытқан еді. Қызды музыкалық мектепке беруге әлеуеті жетпегендіктен, әкесі оған бір қатарлы гармон – тальянка алып береді. Сол аспапта ойнап жүріп-ақ, ол он үшінен туған жері Керекуде (қазіргі Павлодар) мінсіз музыкалық түйсігі бар, әсем дауысты әнші ретінде жұртқа танылды. Өзі де, өнері де өсе келе, өзі ән жаза бастады.

   Майра қатардағы әнші болған жоқ. Бойына біткен асыл қасиетін жоғарғы кәсіби деңгейге жеткізе білді. Дауыс диапазоны кең музыкалық тұлға барлық жанрда дерлік ән салып, тіпті, ерлердің даусына келетін ауыр әндерді де алып кететін. Қазақ, орыс, татар – үш тілде бірдей кәсіби орындаушылығын паш етті. Майра елге біршама танымал шағында қазақ драма театрының сахнасына әйел затынан алғаш болып өнер көрсетті. Ал оған дейін шығыс елдерінің сахнасында әйелдердің рөлін тек жас балалар орындаған екен. Жәрмеңкелерде өнер көрсетіп жүріп, Майра Әмре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қали Байжанов секілді атақты музыкалық тұлғалармен танысып, дәм-тұздас болады.

  Ел сүйіспеншілігіне бөленген әнші қыз Жармұхаммед есімді жігіттің көңілін бірден баурап алады. Алайда, текті, ауқатты отбасынан шыққан жігіттің ата-анасы қарапайым бөрікшінің қызын ұната қоймаса керек. Бірақ өз-өзіне берік жігіт таңдауынан бас тартпай, махаббат жеңіп, екі жас шаңырақ көтереді. Өкініштісі, Майраның бақыты көпке ұзаған жоқ. Жас отауға ажал асығыс келіп, жары Жармұхаммед өкпе ауруынан көз жұмады.

  Қазақ әндерін зерттеуші әйгілі Затаевич қазақ бұлбұлдарының бірі Майрамен де көз көрісуді көптен аңсаса керек... 1926 жыл болатын. Керекуден шығып, Семейге бет алған кемеде кетіп бара жатып, Затаевич кенет ерекше ғажап дауысты естиді. Ол дереу дауыс иесін іздеп, палубаға беттейді. Бұл – әрдайым гармонын қолына асып, кеме жолаушыларын әсем әнге бөлеп жүретін әнші бұлбұл Майра еді. Затаевич сол алғаш таныстық үстінде-ақ Майраның өз аузынан өлеңдерін жазып алып, әндерін қағазға түсіреді. Кейін «Қазақтың 1000 әні» жинағына Шамсудинованың өзі шығарған он өлеңі кірді.

  Ән құдіретін бойына сіңірген әнші аруды жарқын болашақ күтіп тұрғаны сөзсіз еді. Алайда, жұрт жақсы көретін жарық жұлдыздың өмірі жылдам ағып өтті. Бүгінде аты аңызға айналған арудың «Майра» атты әнін білмейтін жан жоқ шығар. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында ғибраты мол құнды дүниелер қалдыра білді.  Одан бөлек, ұзақ болмаса да, өнер мен өнегеге толы өмірінен қалған белгілер Павлодар қаласындағы Майраның атымен аталатын музейде сақталған.

 

 

 

 

Авторы: Салтанат Пердешқызы

0
түсініктер
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Аты аңызға айналған арулар
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы: Франц Кафка – Фелица Бауэр
  Кафка неміс тілді тарихтың ең ұлы жазушылардың бірі. Алайда, жазушыларға тән тұйықтықпен қатар, ол оғаштау жан еді. Айналасымен көп араласпайтын, ұяң, тіпті, өзіне сенімсіздеу, бірақ аса сезімтал, мейірімді әрі жұмсақ еді. Ол шығармашыл тұлғаларға сай, сыртқы әлемнен оқшауланып, үнемі сан қилы кейіпкерлерінің арасында, ішкі үрей мен беймазал
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Аты аңызға айналған арулар
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау