Ұлы махаббат хикаясы: Иммануил Кант- Мария Шарлотта Якоби

   Кант ойшылдар ортасында дәруіш ретінде танылды. Себебі ол үнемі көпшіліктен алшақтанып, ғұмырының басым бөлігін Кенингсбергтегі шағын ғана үйінде өткізді. Қоғамнан шеттеліп, саяқ өмір сүрген неміс ойшылы оңашада ұлы еңбектерін жазды.

 

  Кедей отбасында туылса да, шіркеудегі гимназияда сапалы білім алды. Бала Канттың бойындағы дарынын байқаған мұғалімдері оны Кенинсберг университетіне жіберді. Философиямен дәл осы оқу орнында танысқан Иммануилдің оған ынтасы артып, бұл ғылымды өмірінің соңына дейін азық етті. Алайда, ұлы ғұлама атанып, жұрттың қошеметіне бөленгенге дейін Кант көп жылдар бойы талмай еңбек етті. Жұтаң отбасында туылған ол бозбала шағында күн көру үшін туған жерден Пруссия еліне аттанып, ауқатты отбасындағы балаларға ақыға дәріс берумен айналысты. Сол кезеңдерде жас Иммануил достармен бас қосып, таңға дейін көңіл көтеруді  өмірлік тәртібіне айналдырса керек. Бірнеше жыл өтісімен, отанына оралып, магистр атағын алып, өзі оқыған университетке мұғалім болып орналасады. Ал он бес жылдан кейін профессор атанса керек. Жағдайы оңалып, қаланың сыртынан өзіне баспана сатып алады да, көп уақытын үстел басында өткізеді. Бозбаладан жігіт ағасына айналған жылдар аралығында оның жанынан ешкім қыз-келіншек көрмесе керек. Туындыларына деген жұрттың ықыласы молая түсіп, ойшылдың беделі арта бастағанымен қатар, талантты, әдепті әрі сырт келбеті де келісті азамттың әрдайым жалғыз екендігіне бәрі таңданысатын. Көптің айтуынша, ол бойының аласалығынан, басының үлкенділігінен қатты қысылады-мыс. Алайда, белгілі данышпан ел алдында өзіне сенімді болып көрінетін.

  Қашан қарасаң, жазбаларынан бас алмайтын Канттың әйел атаулыға көңіл аудармауы дәл осы қызығушылығына байланысты деседі. Тіпті, үй қызметшісі ретінде де ер адамды жалдаса керек. Оның өмірінде, жасырын болса да, махаббат болды ма, жоқ па, бәріне беймәлім еді. Әрине, айналасындағылар мұны білуге асықты. Ал Кант жеке өмірі жайлы ешкіммен бөліспейтін. Ал оның үй күтушісі Мартин Лампе қожайыны жайлы өзінен сұрағандарға еш жауап қайырмайтын.

  Күндердің күнінде Кант қонақта болып, сонда 23-жасар Мария Шарлотта есімді бикешті кездестіреді. Қонақасы бойы екеуі қызу әңгімелессе керек. Алайда, Мария Шарлотта тұрмыстағы әйел болатын, ал оның жары атақты банкир Якоби еді. Ол өзін отбасылық өмірде бақытсыз сезінсе керек. Ал жақында ғана жолықтырған терең ойлы Кант оған керемет әсер берді. Таныстықтан кейін тек сол азамат жайлы ойлап, Мария Шарлотта оған алғашқы хатын жазып, кездесуге шақырады. Бұл хатқа Кант ашуланып, жауап бермей қояды. Бір жағынан, тұрмыстағы әйелдің осыншама ашық жазылған хатынан аяқ тартады. Хатына жауап алмаса да, Мария Шарлотта өзімен кездесуін өтініп, тағы бірнеше рет хат жолдаса керек. Ал жан жүрегімен пәлсапалық ғылымға берілген талантты ойшылдың жүрегі жібімейді. Араға алты жыл салып, Мария Шарлотта демалыспен Берлинге келіп, бір үйді жалға алады да, ғашығынан өзімен бірнеше күн өткізуін жалынып тағы хат жазады. Ал Кант тағы да үнсіз қалады. Аруға жауап бермегенімен, ақылды, сұлу әйелді ойынан шығармайды. Иммануил Кант, тіпті, Мария Шарлоттаның ата-анасына аттанып, оған құда түсуге бел байласа керек. Алайда, тым көп ойланғыш ойшыл, бұл райынан қайтуды жөн көреді. Бір жағынан, ол махаббатқа жол беріп, жан күйзелісіне ұшыраудан қорықты. Осыдан кейін оған ғашық болған әйелдің толассыз хаты үзіледі. Өз ерімен қалса да, Мария Шарлоттаның отбасылық қиындықтары үдей түссе керек. Ал Кант ғылымға көбірек көңіл қойып, өмірдің қуанышын содан шарпи түседі...

  Атақты неміс ойшылының өмірінде көңіл қосқан әйелдер болды ма, жоқ па, бұл жұртқа жұмбақ. Алайда, Мария Шарлотта Якоби оған ұзақ жылдар бойы ессіз ғашық болған әйел ретінде тарихта қалды.

 

 

Дереккөз: loveorigami.info

Дайындаған: Салтанат Пердешқызы

 

0
түсініктер
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Аты аңызға айналған арулар
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы: Франц Кафка – Фелица Бауэр
  Кафка неміс тілді тарихтың ең ұлы жазушылардың бірі. Алайда, жазушыларға тән тұйықтықпен қатар, ол оғаштау жан еді. Айналасымен көп араласпайтын, ұяң, тіпті, өзіне сенімсіздеу, бірақ аса сезімтал, мейірімді әрі жұмсақ еді. Ол шығармашыл тұлғаларға сай, сыртқы әлемнен оқшауланып, үнемі сан қилы кейіпкерлерінің арасында, ішкі үрей мен беймазал
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау
Аты аңызға айналған арулар
Қарау
Ұлы махаббат хикаясы
Қарау